Пентагонға беймәлім ұшатын нысандар туралы жүздеген хабарлама түскен
АСТАНА. ҚазАқпарат – Беймәлім ұшатын нысандар туралы хабарламаларды бақылау үшін жасалған Пентагонның жаңа басқармасына «бірнеше жүз» жаңа хабарлама түскен, бірақ әзірге бөтен тіршілік туралы ешқандай дәлел жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат CBS News-ке сілтеме жасап.
«Біз нысандардың бөтен текті екеніне сенуге итермелейтін ештеңе көрмедік», - деді АҚШ қорғаныс министрінің барлау жөніндегі орынбасары Рональд Моултри.
Бұл құбылыстар АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді ме деген сұраққа Барлық салалардағы ауытқуларды шешу басқармасының (All-domain Anomaly Resolution Office, AARO) басшысы доктор Шон Киркпатрик «иә» деп жауап берді. AАRO осы жылдың шілдесінде құрылды. Басқарма аспандағы, су астындағы, ғарыштағы белгісіз нысандарды бақылайды және іздейді. 2021 жылдың маусымында ұлттық барлау директорының кеңсесі 2004-2021 жылдар аралығында белгісіз нысандарға144 бақылау жасалғанын, олардың 80-і бірнеше датчиктермен бекітілгені айтылды.
Фото: Иван Чолаков/ FOTODOM