Пентагонның пікірінше, «Манас» әуебазасын пайдалану жөніндегі мәселе ашық қалып отыр
ВАШИНГТОН. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат - Американдықтардың Қырғызстандағы «Манас» әуебазасын пайдалануы туралы мәселе әлі ашық қалып отыр,
деп санайды АҚШ-тың Қорғаныс министрлігіндегілер. Пентагонда кеше өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Джефф Моррел мәлім еткендей, АҚШ-тың Қырғызстанмен нақты шешімге келуіне бірнеше ай уақыт бар. «Біз жақын арада басталатын келіссөзді күтудеміз», - деп мәлім етті Пентагон өкілі. Моррелдің атап көрсетуінше, Құрама Штаттар Ауғанстанға әскери жеткізілімдердің балама бағыттарын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтқанда, ол АҚШ-тың Ауғанстанға әскери емес жүктерді жеткізу үшін Ресей аумағы арқылы теміржол бағытын пайдалануға кіріскенін айтып өтті.