PepsiCo және LC Waikiki: неліктен ірі инвесторлар кедергіге тап болды
АСТАНА. KAZINFORM – Бизнес өзіндегі рәсімдерді тез іске асырады, ал мемлекетке тиесілі жұмыстар кешігіп жатыр. Бұл туралы Сенатта инвесторлардың заңды мүдделерін қорғау тақырыбына арналған жиында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов мәлім етті.

- Проблемалардың бірыңғай тізіліміне инвесторлардан 76 мәселені жинадық. Қазір 39 мәселе пысықталып жатыр. Олардың арасында әкімшілік кедергілер, жер мәселесі, қолданыстағы заңнаманың мәселелері, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, салық салу, инфрақұрылым және қаржыландыру проблемалары қамтылған. Мәселен, инфрақұрылымның жетіспеу мен оның тез арада қамтамасыз етілмеуі проблемасы бар. Қазір PepsiCo, Carlsberg, Eurasia Agro Semey сияқты ірі трансұлттық компаниялар және басқа да компаниялар өз зауыттарын салып жатыр. Алайда жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымды дер кезінде қамтамасыз етпей отыр. Зауыт салынады, бірақ ол жұмыс істемейді. Аталған мәселе салдарынан өндіріс тұралап қалады. Неліктен? Өйткені мемлекеттің көптеген келісу органдары бар, - деді Ғ. Оспанқұлов.
Оның айтуынша, осы бағыттағы шешімдерді жеделдету керек немесе жылдам шешім қабылдау үшін бір мемлекеттік органға өкілеттік беру қажет.
- Бизнес өзіндегі рәсімдерді тез іске асырады, ал мемлекетке тиесілі жұмыстар кешігіп жатыр. Бұл ретте инвестициялық жобаларымыз сапасыз болуы ықтимал немесе мүлде жүзеге аспай қалуы мүмкін. Осы кемшіліктер инвесторлар арасында жылдам таралады. Сондықтан Қазақстанға инвесторларды тарту қиын болады. Атап айтқанда, Президент осы кедергілерді жою бағытында нақты тапсырма берді. Мысалы, LC Waikiki Алматы облысында үлкен логистикалық кешенді салды. Енді өз қаражатына инфрақұрылым өткізейін десе, қасындағы адамдардың бәрі жерін алып алған, ешкім канал (инфрақұрылым тартатын) бермей отыр, рұқсат бермей жатыр. Қомақты ақша сұрап жатыр, ол да коррупцияға алып келтетін мәселе. Өз кезегінде инвестор олардың талабын орындаудан бас тартты. Енді әкімдіктен осы мәселені шешіп беруді сұраған, алайда олар да шеше алмай жатыр, - деді Инвестиция комитетінің төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, инвесторлар көбіне қай мәселелер бойынша шағымданып отырғаны мәлім болды.