Пермьдегі түнгі клубта болған оқиға бізде қайталанбауы тиіс -ТЖМ өкілі

Аталған министрлік мамандарының айтуынша, қабылданған шараларға қарамастан Жаңа жыл мерекесі төтенше жағдайларсыз өтпейтін болып отыр. Мәселен, 2008-2009 жылдары пиротехникалық заттарды дұрыс пайдаланбағандықтан 9 өрт оқиғасы болған. Соның салдарынан 1998 жылы туылған бала бетін күйдірсе, Алматы қаласының Түрксіб ауданында аумағы 70 шаршы метрді құрайтын шаруашылық сарайы өрт құшағына оранған. Аталған төтенше жағдайлардың барлығы пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбаудың кесірінен орын алған.
«Халық арасында қарапайым петардылар, отшашулар басқа да жарылғыш заттар өте көп қолданылады. Дегенмен, бұл заттардың да өзіндік қауіпі бар. Оларды аяқтың астына тастауға, адамдарға бағыттауға болмайды», дейді Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Сержан Нұрғазин.
Оның айтуынша, пиротехникалық заттарды бөлмеде, жылдамдығы секундына 5 метрден асатын желде пайдалануға, жарылғыш затты бөлшектеуге және қайта жинауға, дымқылданған пиротехникалық заттарды жылыту аспаптарында кептіруге, пайдаланғаннан кейін 2 минутқа дейін оған жақындауға, оны пайдалану барысында жарылғыш заттың үстіне еңкеюге мүлдем тыйым салынады.
«Аталған талаптарды бұзу зор қайғымен аяқталуы мүмкін. Естеріңізде болса, таяуда Пермьдегі түнгі клубта болған өрттің салдарынан 150 адам қаза тауып, 78 адам ауыр зардап шеккен болатын. Бұл қайғылы жайттың шығуына түнгі клуб қожайындарының пиротехникалық заттарды пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелеріне ұқыпсыз қарауы себеп болды», деді өз сөзінде С.Нұрғазин.