«Перу аруы» байқауының финалына салмағы 95 келі бойжеткен өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Салмағы 95 кг болатын Мирелла Пас Бейлон «Перу аруы» байқауының финалына шықты. Ол жеңімпазды таңдау кезеңіне өткен байқау тарихында plus-size форматты дене бітімімен алғашқы әйел болды.
Бұл туралы The Daily Mail хабарлады. 19 жастағы Мирелла тәжге таласуға мүмкіндік алған он перуліктің бірі болды. Олар 30 бойжеткеннің ішінен іріктелді.
«Рахмет. Бұл мүмкіндік мен үшін нені білдіретінін сөзбен айтып жеткізе алмаймын», - деп ол финалға өткен үшін әділқазылар мүшелері мен көрермендерге алғыс білдірді.
Бастапқыда Пас Бейлон 115 келі болған, жарыс алдында 20 келі тастаған. Ол үшін үш айын сарп еткен. Мирелланың финалға дейін тағы да арықтайтынына үміті бар. Себебі диета ұстап, спортпен шұғылдануда.
lenta.ru хабарлағандай, бойжеткен университетте сәулетші мамандығына білім алуда. Ол курстастары артынан семіздігін алға тартып келеке қылатынын да жасырмады.
«Перу аруы» сәуір соңында анықталады (нақты күні белгісіз). Жеңімпаз «Әлем аруы» байқауына елі атынан өнер көрсететін болады.