Перуашев биліктің халық алдындағы жауапкершілігі артатынына сенімді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу Қазақстан саяси жүйесінің дамуындағы жаңа тарихи кезең. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуіне орай пікір білдірген Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Перуашев биліктің халық алдындағы жауапкершілігі артатынына сенімді

«Жалпы, бұл үндеу бізді қуантып отыр. Біз оны қолдаймыз. Осыған орай бүгін таңертең «Ақ жол» партиясы орталық кеңесі төралқасының кезектен тыс отырысы өтті. Біз мұны Қазақстан саяси жүйесінің дамуындағы жаңа тарихи кезеңі деп санаймыз. Ол билікті халыққа жақындатып, түсінікті, әділ және жауапкершілігін жоғары ете түседі», - деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Осы ретте  Азат Перуашев Үкімет мүшелері кей кезде халық қалаулыларының көптеген сауалдарын елемей жататындығын атап өтті.

«Сіздерге бір мысал келтіре кетейін. Бүгінде депутаттардың депутаттық сауал жолдау өкілеттігі бар. Министрлерге сауал қойған кезде олардың жауаптан жалтарып кеткен немесе дұрыс жауап бере алмаған кездері өте көп болды. Мәселен, Индустрияландыру бағдарламасы параметрлерін жүйеге асыру бойынша сауалнамама министрлік маған өзім көрсеткен цифрларды қайталап берді. Тек төртіншісінде ғана толық жауап жіберді», - деді депутат.

Оның айтуныша, бүгінде Парламент пен Үкімет арасында өзара іс-қимыл жолға қойылған.

«Қазіргі күні депутаттар заң жобасына түзетулер енгізеді. Ал министрлік өкілдері отырып алып, олардың заң жобасы тұжырымдамасынан тысқары екендігін айтады. Онда тұрған не бар? Конституцияны оқыңыздар! Конституцияға сәйкес заң жобасына депутаттардың түзетулері егер ол бюджеттің кірістер бөлігінің қысқаруына және шығыстарының ұлғаюына қатысты болған жағдайда ғана келісілуі қажет. Біздің, партиямыздың түзетулері Үкімет қорытындысына жиі жіберілген еді. Ал олардан  теріс қорытынды келеді және соның негізінде бұл түзетулерді жұмыс тобы қабылдамай тастайды», - деді Перуашев.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің  әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.