Перуашев: Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамыту қарқынын арттыру қажет

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан криптоиндустрия мен цифрлық активтер нарығын дамыту арқылы экономиканың нақты секторына қосымша инвестиция тарту мүмкіндігін тиімді пайдалану керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Қазақстан Республикасындағы криптоиндустрияны дамыту және оны реттеу ерекшеліктері» тақырыбындағы жабық форматтағы дөңгелек үстелде айтты.

Перуашев Азат Турлыбекулы
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, Қазақстан бір кездері криптонарықтың дамуы жағынан кенже қалғанымен, қазір бұл бағыттағы әлеуетті іске асыруға барлық мүмкіндігі бар.

– Цифрлық активтер бизнеске қаражат тартудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып, дәстүрлі қаржыландыру көздеріне тәуелділікті азайта алады. Мәселен, табысы тұрақты кәсіпорындар өз активтерін токенизациялау арқылы инвесторлардан қаражат тарта алады. Бұл банк арқылы қаржы іздеуге қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі бюрократиялық кедергілері аз жол болар еді, - деді депутат.

Ол сондай-ақ стейблкоиндер мен активтерді токенизациялау қаржы нарығының жаңа бағытына айналып келе жатқанын айтты. Мұндай құралдар қазірдің өзінде жекелеген қаржы сегменттерінде қолданыла бастады.

– Цифрлық қаржы құралдарының әлеуеті өндіріс, өнеркәсіп және инфрақұрылым сияқты нақты секторларды дамытуға, сондай-ақ экономикаға жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Саланың тұрақты дамуы үшін реттеушілік тәуекелдерді төмендетіп, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық және криптонарық қатысушылары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды жолға қою қажет, - деді Азат Перуашев.

Депутат цифрлық қаржы технологиялары мен нақты сектор арасында тиімді байланыс орнатудың маңыздылығына да тоқталды.

– Экономиканың нақты секторы мен цифрлық қаржы технологиялары арасында көпір қалыптастыру қажет. Бұл синергиялық нәтиже беріп, елдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді, – деді ол.

Бұған дейін Ұлттық банк цифрлық актив операторларын лицензиялау тәртібін бекіткен еді.