Перуде туристері бар әуе шары жоғалып кетті

АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат - Саяхатшылары бар әуе шары Перудың жағалауында Тынық мұхитта жоғалып кетті. Бұл туралы шардың қожайынына сілтеме жасап, AFP агенттігі хабарлап отыр.

Перуде туристері бар әуе шары жоғалып кетті

Оның иесінің айтуынша, әуе шарындағы 7 адамның алтауы туристер, біреуі пилот. Барлығы да Перу азаматтары. Саяхатшылар Лиманың оңтүстігіне қарай Тынық мұхитын жоғарыдан тамашалауға шыққан. Бірақ Перу астанасынан 200 шақырымға ұзаған шар көзден таса болды.

Әуе шарымен саяхатты ұйымдастырған кәсіпорын өкілінің болжамынша, апат орын алып, шар құлаған болуы мүмкін. Әуе шарына бекітілген себет су бетінде де қалқиды. Оқыс жағдай орын алуы мүмкін деп болжанған ауданда тікұшақтың көмегімен туристер іздестірілуде.

Кейіннен Перудың Ішкі істер министрі Вильфредо Педрасқа сілтеме жасап, Ресей Жаңалықтар агенттігінің хабарлағанындай, Тынық мұхиттың үстінде жоғалған әуе шарында болған 5 турист әйел табылды.

«Барлығы әуе шарында 7 турист болды, екеуі - ер, бесеуі әйел адамдар. Әйелдер тірі, қазір олар әуе жолдары арқылы әскери-теңіз госпиталіне жеткізілу үстінде. Әзірге олардың жағдайлары туралы нақты ақпар жоқ», - деп мәлімдеді министр RPP радиостансасының эфирі арқылы.

Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда шарды басқарған ер адам және әуе саяхаттарын ұйымдастыратын Globos Peru Sac компаниясы қожайынының ағасы іздестірілуде. Алдын ала болжамға сәйкес, ер адамдардың бірі жағаға жүзіп жетпек болып, шарды тастап шыққан.