Перуде жарты ғасыр ішінде мұздықтардың жартысынан көбі жойылды
Сәрсенбі күні жарияланған есеп бойынша, кейінгі алпыс жылда Перу тропикалық мұздықтарының 56%-ін жоғалтқан, оған климаттың өзгеруі себеп болды. Kazinform бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Есепте 2020 жылға дейін спутниктен түсірілген суреттер пайдаланылған. 1962 жылы мұз бен қар 2 399 шаршы шақырым жерді алып жатқан болса, кейінгі суреттерде ауқымы 1050 шаршы шақырымға кішірейген.
Ауа температурасының жоғарылауы мұздықтардың еруіне және жаңа шағын тау мүйістерінің пайда болуына әкеп соқты, деп хабарлады Тау мұздықтары мен экожүйені зерттеу ұлттық институты.
«Жаңа мүйістер болашақта су резервуарына айналуы мүмкін, бірақ биікте орналасқандықтан, қауіп төндіреді. Себебі олар толып, тасуы ықтимал», - деді Қоршаған орта министрлігінде мұздықтарды зерттеу директоры Хесус Гомес.
Есеп бойынша, Перудің 20 миллионға жуық тұрғыны мұздықтардан ағатын судың тікелей немесе жанама түрде пайдасын көріп жатыр.
«Бұл – су қорының жартысынан көбін жоғалтқанымызды білдіреді», - деді Қоршаған орта министрі Альбина Руис. Сондай-ақ ол мұздықтардың қайтуы тау экожүйесіне әсер ететінін атап өтті.