Перудің жаңа президенті министрлерді жұртпен бірге жаттығуға шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Перудің жаңа президенті Педро Пабло Кучински министрлерді көпшілікпен бірге жаттығуға шығарды, деп хабарлады Reuters. Жаттығу үкімет ғимаратының жанында өтті.
77 жастағы мемлекет басшысынан басқа акцияға министрлер кабинетінің 19 мүшесінің 11-і қатысты. Оларды фитнес бойынша екі бапкер басқарды. Жаттығу жұртшылықтың көңілін көтергені атап өтіледі.
Таяуда болған Кучинскидің сайлау науқаны уақытында оның денсаулығы мен жасына қатысты сұрақтар көп болған. Енді мемлекет басшысы әр сәрсенбі сайын министрлерімен бірге жаттығу өткізіп тұруға уәде берді.
Перу президенті елдің жартысынан көбі артық салмақпен зардап шегетіндіктен, дене жаттығуын жарнамалағысы келетінін мәлім етті.