«Первый канал» арнасы Фрискенің емделуі үшін қаражат жинауда

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - «Первый канал» арнасы Фрискенің емделуі үшін қаражат жинауды бастады. Ресейлік әнші, киноактриса Жанна Фриске қатерлі ісікке Күн сәулесінің әсерінен шалдығуы мүмкін. Дәрігерлердің алдын ала жасаған жорамалы осындай.

«Первый канал» арнасы Фрискенің емделуі үшін қаражат жинауда

Бұқаралық ақпарат құралдары әншінің ми қатерлі ісігіне шалдыққаны расталғанын хабарлады. Енді сарапшылар аты жаман ауруға себеп болған факторларды анықтауға тырысып жатыр. Нейрохирург Андрей Гриньге сілтеме жасаған Utro.ru-дың хабарлауынша, Фрискенің жүкті кезінде Мексика мен Майамиде үнемі күнге қыздырынуы осындай дертке ұрындыруы мүмкін. «Ауруға күн радиациясы себеп болуы ықтимал. Жылы елдерге жиі барып, ракқа шалдыққан немесе жойылған ісігі қайта таралған пациенттер көп болды», - дейді А.Гринь. Ғалымның айтуынша, кеселдің тәнді жасарту операцияларынан пайда болуы да ғажап емес.

Ж.Фриске былтыр сәуір айында сәбилі болған еді. Баланың әкесі - танымал тележүргізуші Дмитрий Шепелев. 39 жастағы әншінің қатерлі ісікке шалдыққаны жайлы хабар өткен аптада тарады. Ақпарат құралдарының мәліметінше, оның диагнозы - ми ісігінің асқынған түрі - глиобластома. Медициналық зерттеулерге қарағанда, бұл дерттен толық айыққан адамдар өте сирек. Айта кетейік, қазақстандықтар арасында Жаннаның өнеріне тәнті болушылар көп. 2012 жылы екібастұздық суретші Ғамал Сағиденов оның мүсінін жасап, Павлодар қаласына сыйға тартқан еді, деп жазады alashainasy.kz.