Пешпен жылытылады, әжетханасы далада: ШҚО-дағы емхананың жағдайы туралы ресми жауап берді
Шығыс Қазақстан облысындағы 5 мыңға жуық адамға қызмет көрсететін емхана пешпен жылытылып, әжетханасы далада тұр. Бұның себебін ШҚО Денсаулық сақтау басқармасынан түсіндіріп берді, деп хабарлайды Kazinform.
Бүгін БАҚ-та және әлеуметтік желіде Өскемендегі №2 қалалық емхананың мүшкіл жағдайы туралы ақпарат тарады. Онда медициналық мекеменің әлі күнге дейін пешпен жылытылып отырғаны және әжетханасы далада тұрғандығы жазылған. Бұл емханаға қаланың 5 мыңға жуық тұрғыны барып қаралады.
Осыған орай Kazinform агенттігінің тілшісі ШҚО Денсаулық сақтау басқармасына хабарласты.
«Бұл ғимарат осыған дейін талай уақыт бойы жекеменшік ұйымның балансында болған. Биыл ғана ол мемлекет меншігіне қайтарылды. Әрине, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Жылу мәселесі де ойластырылып жатыр. Сол емхана маңындағы көшелерде тұратын халық медициналық қызметті алу үшін алысқа бармасын деп бұл ғимарат сатып алынған. Онда түрлі мамандар тұрғындарға тиісті көмек көрсетуде», - дейді басқармасының баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.