Пештің мұржасын ауыстырған оралдық тұрғын адам өлімі үшін сотта жауап берді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда пеш құбырының ақауы салдарынан бір адам қаза болып, үш адам зардап шекті. Сот алдында пештің мұржасын дұрыс ауыстырмаған пәтердің бұрынғы иесі жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары Дамбовый тупик көшесі 3/1 үйіндегі 10-пәтердің бұрынғы иесі С.Темірғалиевке құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде қауіпсіздік қағидаларын бұзды деген айып таққан.

С.Темірғалиев 2011 жылдың қазан-қараша айларында екі жұмысшыны жалдап, осы үйдің бірінші қабатындағы 7-пәтердің түтін шығатын мұржасының өзінің үйі арқылы өтетін жерін демонтаждаған. Орнына мұржа ретінде диаметрі 110 мм темір құбыр орнатқан. Ол жөнінде ештеңе айтпай, пәтерді Құбашевтарға 2015 жылы 3 тамызда сатып жіберген. Соның салдарынан 2017 жылы 1 сәуірде пәтер тұрғыны Ч.Темірболат газдан уланып көз жұмды. Ал оның анасы Н.Құбашева және 7-пәтер тұрғындары Ж.Қабланов пен Г.Қаблановалар ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

Осылайша, С.Темірғалиевтің әрекеттері ҚР ҚК 104-бабы 1-бөлігі (абайсызда қазаға ұшырату) және 114-бабы 4-бөлігіне (абайсызда екі адамның денсаулығына ауыр дәрежеде зиян келтіру) сәйкес қаралған.

Алайда, айыпталушы сот талқысында пештің кірпішпен жасалған құбырын темірмен ауыстыру жұмыстарын жүргізген жұмысшыларға кәсіби мамандар ретінде сенгенін мәлімдеді. Оған қоса, бұл жұмысты төменгі пәтер тұрғындарының бірнеше рет айтқан өтініштерінен соң жасаған, яғни олар пеш құбырының ауыстырылғанын білген. Бұл мұржаның өз үйін жылытуға қатысы жоқ. Оның пәтеріндегі газбен жылытылатын пеш құбыры басқа бөлмеде орналасқан. Пештің құбырын ауыстырған соң өзі де отбасымен осы пәтерде төрт жылдан астам уақыт бойы тұрған. Мұржаның өзгертілуі қайғылы оқиғаға соқтырады деп ойламаған. Сонымен қатар С.Темірғалиевтің төменгі қабаттағы пештің оттығы дұрыс жасамады деген уәжін де жоққа шығаратын мән-жайлар сот тергеуінде анықталмады.

«ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 393-бабына сәйкес айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол сотталушының қылмыстық құқықбұзушылық жасауға кінәлілігі зерттелген дәлелдемелерінің жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылады. Сондықтан С.Темірғалиевке қатысты ақтау үкімі шығарылды», - деп хабарлады Орал қалалық сотынан.

Айта кетейік, Саламат Темірғалиев бұдан бұрын осы оқиға бойынша айыпты деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін іс Жоғарғы сотта қаралып, бұзылған еді.

Соңғы жаңалықтар