Песков: Қазақстан Президенті мықты саяси тұлға
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өте мықты саяси тұлға деп атады. Бұл туралы Kazinform «Вести» ақпараттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Кремльдің ресми өкілі бұл туралы журналист Павел Зарубинге берген сұхбатында айтты.
Песков Тоқаевтың Владимир Путин туралы айтқан сөзіне пікір білдірді.
— Президент Тоқаев — өте мықты саяси тұлға. Оның саяси ресурсы да өте ауқымды. Болашақты саяси тұрғыдан көре білетін, ұстанымы берік әрі дәйекті адамдар ғана осындай пікір айта алады. Басқалары бұлай айта алмайды, — деді Песков.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинді жақсы білетінін айтып, оның тарихы күрделі ірі мемлекетті басқаруға қажетті қасиеттерге ие екенін мәлімдеген болатын.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин алдағы кездесулер мен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаған еді.