Петербор көшелерінің біріне Виктор Цойдың есімі берілмек

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Таяу арада Виктор Цойдың есімі Петербор картасында мәңгі есте сақталады. Оның есімі Фрунзе ауданындағы сквердің біріне берілуі мүмкін, деді қала губернаторы Григорий Полтавченко кеше әншіге арналған көрменің ашылуында.

Петербор көшелерінің біріне Виктор Цойдың есімі берілмек

Петербор орталығында Малая Садовая көшесінде Виктор Цойдың туғанына 50 жыл толуына арналған көрме ашылды. Көрмеге аңызға айналған петерборлық рок-музыканттың 44 портреті қойылған. Оны суретке фотограф Сергей Берментьев түсірген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бірнеше жыл бұрын Санкт-Петербор өкіметі Цойдың ескерткішін орнатпақ болған, алайда бұл оқиға кейінге қалдырылып келеді. Қала құрылысы кеңесі музыканттың туыстары мен достары ұсынған жобаны қабылдамай отыр. 

Виктор Цой - «КИНО» рок тобының негізін қалаушы. Қазақстандық режиссер Рашид Нұғыманов Виктор Цойдың қатысуымен «Ине» атты көркем фильм түсірді. Атақты музыкант 1990 жылы 28 жасында  Латвияда жол-көлік апаты кезінде мерт болды.