Петерборлық депутаттар Сергей Мироновты Федерация Кеңесінен кері шақырып алды
САНКТ-ПЕТЕРБОР. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Санкт-Петербордың заң шығару жиналысы Федерация Кеңесіндегі өздерінің өкілі - Жоғарғы палатаның басшысы Сергей Мироновты кері шақырып алу туралы шешім қабылдады.
Бұл мәселені «Біртұтас Ресей» фракциясы енгізді.
Мироновтың жұмысына деген негізгі наразылықтар, қаланың заң шығару жиналысының спикері Вадим Тюльпановтың айтуынша, - Петербор парламенті ұсынып отырған бастамаларды қолдамай, қала губернаторы Валентина Матвиенконы отставкаға кетіруге шақыру.
«Мен өзімнің өкілеттігімді тоқтатудың қандай да бір негіздемелері туралы айтпаймын - мен саяси еркіндік туралы айтамын». Қазіргі сіздердің шешімдеріңіз ресейлік парламентаризмнің тарихына енеді, - деді Миронов петерборлық депутаттарға қарата айтқан сөзінде. - Бүгін осы жерде, Ресейдің ең демократияшыл қаласы делінген жерде сіздер өздеріңізге жақпаған адамның ізіне түсуді бастап отырсыздар».
Миронов жақын уақытта Ресейде төңкеріс болуы мүмкін екендігін айтып, оның алдын алуға мемлекет жүйесінің көппартиялығы ғана ықпал ететінін тілге тиек етті.
Сөз соңында ол, таяу күндері өткізілетін қалалық парламентке сайлаудан кейін Петербордың Заң шығару жиналысына қайтып оралатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, Миронов өзінің Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттығына да өз кандидатурасын ұсынуы мүмкіндігін жасырмады.