Петербургтегі терактіге қатысты 8 адам ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Санкт-Петербург метросындағы жарылысқа қатысты террористік ұяшықтың сегіз мүшесі ұсталды. Бұл туралы Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің директоры Александр Бортников мәлім етті, деп хабарлады РИА «Новости».
«Жедел іздеу және тергеу шаралары барысында жасырын террористік ұяшықтың 8 мүшесі ұсталды. Алтауы Санкт-Петербургте, екеуі Мәскеуде болған. Барлығы Орталық Азия аймағының тумалары», - деді Бортников. Ол лаңкестердің сыбайластарын іздеу шаралары жалғасып жатқанын атап өтті. «Көп қару-жарақ тәркіленді. Ұйымдастырушылар мен ықтимал сыбайластарды іздеу жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Бұдан бұрын Санкт-Петербургтің Невский аудандық соты метродағы жарылыс ісі бойынша тұтқындалған алты адамды 2 маусымға дейін қамауда ұстау туралы қаулы шығарды. Жарылыс 3 сәуірде «Сенная площадь» және «Технологиялық институт-2» стансалары арасында болған еді.
Кейіннен «Площадь Восстания» стансасында қолдан жасалған бомба табылды. Тергеу нұсқасы бойынша, терактіні іске асырған Қырғызстан тумасы Акбаржон Джалилов. Тергеушілердің айтуынша, ол «Площадь Восстания» стансасына жарылғыш зат тастап, кейін пойыз вагонында өзін-өзі жарып жіберген.