Петропавл әкімдігі «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асыруда
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тұрғындардың мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылауға қатысуына бағытталған «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындар негізінен аула аумағын абаттандыру бойынша өз идеяларын ұсына алады. Жобаның мақсаты - қала тұрғындарын бюджетті қалыптастыруға тарту арқылы оның ашықтығын, қолжетімділігін көрсету.
Петропавл әкімдігі өтінімдер мен ұсыныстарды 10 наурызға дейін қабылдамақ. Тұрғындардың қаланы абаттандыруда жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуға мүмкіндігі бар. Өтініммен бірге петропавлдықтар келесі санаттар бойынша қосымша ұсыныстарын білдіре алады:
- аула ішіндегі аумақты асфальттау;
- аумақты жарықтандыру;
- балалар ойын алаңын және спорт тренажерларын орнату;
- аумақты көгалдандыру, апатты ағаштарды кесу;
- тротуарларды салу және жөндеу;
- жалпы пайдалану орындарын - саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер жолдары және басқа нысандарды жөндеу және қайта жаңарту;
- қоқыс контейнерлерін орнату және олар үшін орындарды белгілеу;
- жалпы пайдалану орындарында балаларға арналған құрылымдарды, ересектердің демалысына арналған орындықтарды және урналарды орнату және жөндеу.
Қала тұрғындарының ең көп дауысын алған жобалар іске асырылмақ. Қатысу шарттарымен qalabizben.kz сайтында немесе 8 7152 36-29-24, және 109 телефондары бойынша білуге болады.