Петропавл әкімдігінің коммуналдық кәсіпорны кәсіпкерлерге 400 млн теңге қарыз
Солтүстік Қазақстан облысына келген бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов кәсіпкерлер палатасында жеке қабылдау өткізді. Жеке кәсіпкер Мұрат Карбузов жеке кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге «Коммунхоз» МКК-ға қатысты шағымданды. Кәсіпорын өзінің шарттық міндеттемелерін орындамаған. Өткен жылдың наурыз айында кәсіпкер мен «Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ «Коммунхоз» МКК арасында бейнебақылау қызметтерін ұсыну туралы шарт жасалды.
«Біздің кәсіпорын бейнебақылау қызметтерін ұсынумен айналысады. «Коммунхоз» соңғы алты айда орындалған жұмыс үшін ақы төлемей отыр. Мекеменің берешегі - 2 млн 160 мың теңге. Менің өтінішіме тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі ақша бөлінбей жатыр деп жауап берді», - деді Мұрат Карбузов.
СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, «Коммунхоз» МКК-ға шағымданушылар жетіп артылады.
«Бүгінгі таңда коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға қатысты 18 атқарушылық іс қозғалды, бизнес субъектілері алдындағы жалпы қарызы 400 млн теңгеден асады, яғни бұл бірлі-жарым жағдай емес. Жергілікті атқарушы органға пайда болған берешекті өтеу үшін қаражат бөлуді қамтамасыз етуде жәрдем көрсете аламыз және нақты осы жағдай бойынша сот тәртібімен немесе нотариустың атқарушылық жазбасын жасау арқылы берешекті өндіріп алу бойынша жәрдем көрсетуге дайынбыз», - деді Жеңіс Қазиев.
Қабылдауға қатысқан СҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин бұл мәселені бірнеше кәсіпкер көтергенін, мәселе заңнама аясында сот тәртібімен шешілетіндігін айтты. Басқарма өкілінің айтуынша, қарыздардың басым бөлігі жолдарды қысқы күтіп ұстау бойынша қалыптасқан.
«Біздің міндетіміз сот шешімін шығару емес. Бірнеше миллион теңге қарызы бар «Коммунхоз» осы уақытқа дейін қалай келісімшарт жасасып келгенін түсіне алар емеспін. Демек, ол қарызға батқан үстіне батып жатыр», - деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.
Бизнес-омбудсмен жергілікті атқарушы органдар мен бюджет комиссиясына бюджетті кезекті түзетуді қарау кезінде кәсіпкерлер алдындағы 400 млн теңге мөлшеріндегі берешекті өтеуге қаражат қарастыруды ұсынды. Ал кәсіпкерлер палатасы мен СҚО бойынша омбудсмен кеңсесіне берешекті өндіріп алу бойынша сот өндірісін бастау, осындай өтініштерге талдау жүргізу және бюджет комиссиясының қаражат бөлу мәселесін бақылау тапсырылды.