Петропавл әуежайы Лондоннан келетін 100-ге жуық адамды қабылдамақ

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл халықаралық әуежайы 14 сәуір күні «Air Astana» әуе компаниясының Лондоннан келетін ұшағын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл әуежайы Лондоннан келетін 100-ге жуық адамды қабылдамақ

Шетелден келетін ұшақта елге оралған қазақстандықтар болады. Бүгінде оларды бекітілген алгоритм бойынша қарсы алуға бар жағдай жасалған. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Руслан Әлішев кезекті брифинг барысында осы жағдайға байланысты тұрғындардың алаңдауына негіз жоқтығын айтты.

«Шетелден келетін азаматтарды қабылдау бойынша барлық іс-шаралар үйлестірілді. COVID-19 таралмауы үшін санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік ескерілді. Соның ішінде әуежай іші, жүк пен оларды орналастыру аумағы дезинфекцияланады. Келген жолаушылар полицияның көмегімен карантин ошағына арнайы бағытпен жеткізіледі», - деді Руслан Әлішев.

Ұшақпен келген жолаушылар Петропавлдағы мейманханалардың біріне орналастырылмақ. Оның аумағы қоршауға алынып, бақыланатын болады. Кіріп-шығуға қатаң шектеу қойылады.

«Келушілерге барлық жағдайды жасадық. Олар тегін аспен қамтылып, түрлі бағыттар бойынша кеңес алады. Жолаушылар мен экипаж мүшелері екі күнге оқшауланады. Осы аралықта олардың COVID-19 жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау мақсатында зертханалық талдау жасалады. Нәтижесі келгеннен кейін азаматтар өздерінің тұрғылықты жерлеріне, үй карантиніне жіберіледі», - деді Руслан Әлішев.

Қазіргі таңда ұшаққа 92 билет сатылған.

Естеріңізге салайық, бұған дейін еліміздің 9 қаласына шетелден осылайша қазақстандықтар мінген арнайы рейстер келген еді.