Петропавл әуежайы маңызды қонақтарды қарсы алуға дайындық үстінде

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл халықаралық әуежайы биыл Қазақстан мен Ресей президенттерінің әуе кемесін күтіп алуға дайындалуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 Петропавл әуежайы маңызды қонақтарды қарсы алуға дайындық үстінде

Өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі XV форум биыл Петропавл қаласында өтіп, туризм тақырыбына арналмақ.

СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов «ҚазАқпарат» тілшісіне мәртебелі қонақтарды күтіп алуға әуежайдың дайындығы туралы айтып берді.

Оның мәліметінше, әуе айлағындағы перрон-тұрақ 2-ден 8-ге дейін ұлғайтылмақ. Ол үшін 1 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалады.

 

Әуежайға дейінгі жолдар да жөнделеді. Жобалық-сметалық жұмыстар дайындалып қойған. 2016 жылғы  жаңғырту жұмыстарынан кейін Петропавл әуежайының кез келген санаттағы ұшақтарды қабылдай алатын мүмкіндігі бар.

Қазірдің өзінде Петропавл қаласынан Астана, Алматы, Шымкентке ұшып баруға болады. Рейстер субсидияланады. Биыл Алматы және Астана бағыттарына арналған субсидия көлемі 71 ден 222 млн теңгеге ұлғайтылды. Шымкентке дейінгі әуе бағытына республикалық бюджеттен 169 млн теңге бөлінді.

СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәлімдеуінше, 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы ұшақ қызметін пайдаланатын жолаушылар саны төрт есеге, яғни 4 мыңнан 16,8 мыңға дейін өскен.