Петропавл әуежайын жөндеу жұмыстары басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 шілдеде «Петропавл әуежайында аэродром төсемдерін, ұшу-қону жолағындағы жасанды төсемді, перронды қалпына келтіру және ОВИ-1 жарық сигналды қондырғысын орнату» жобасын жүзеге асыру жұмыстары басталды, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінен.

Петропавл әуежайын жөндеу жұмыстары басталды

Қала әуежайын реконструкциялау бойынша бас мердігер электронды конкурс нәтижесі бойынша «К-Дорстрой» АҚ танылды. Оған жобалық-сметалық құжат пен құрылыс алаңы тапсырылды.

Жобада ұшу-қону жолағын қалыңдығы 10 см құрайтын асфальтты бетонмен жабу, оны 300 метрге ұзарту, 18 метрге кеңейту, сонымен қатар ұшу жолы мен перронды қалыпқа келтіру қарастырылған. Бұл жұмыстардан кейін ұшу-қону жолағы А-320-200, А-310-300, Боинг-767-200/300, Боинг-757-200/300 әуе кемелерін қабылдай алады.

Осыған орай, құрылыс аяқталғанға дейін бұл әуежай арқылы ұшу-қону тоқтатылды. Әуежайды толық қалпына келтіру жұмыстарын 2016 жылы аяқтау көзделген.