Петропавл әуежайына Шымкенттен ұшқан ұшақ қона алмады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл халықаралық әуежайы ауа райының қолайсыздығына байланысты Шымкенттен ұшып келген ұшақты қабылдай алмады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Кеше Петропавлда бірнеше сағат бойы қар аралас жаңбыр жауып, күшті жел тұрды. Әлеуметтік желіде ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақ Петропавлға емес, Астанаға қонатыны туралы ақпарат тарады.
«Ұшақ Петропавлға 20:20-да қонуы тиіс еді. Ары қарай басқа көлікпен жететін болдық», - деп жазды Фейсбук қолданушылардың бірі.
«Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ директорының орынбасары Уәлихан Жылысбаев бұл ақпаратты растады. Оның сөзіне қарағанда, жолаушылар Петропавлға автобуспен жеткізілген.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының орталығынан Алматыға ұшатындар да автобуспен Астанаға дейін жеткізілді. «774 «Шымкент-Петропавл» рейсі (ұшақ Шымкенттен Петропавлға дейін ұшып, Петропавлдан Алматыға 738-рейспен ұшуы тиіс) кесте бойынша ұшқан. Ұшақ бортында 12 адам болған. Ұшу кезінде ауа райы күрт өзгеріп, әуе кемесінің командирі Астанадағы запас аэродромға қонуға шешім қабылдады.
Өйткені Көкшетау және Қостанай әуежайлары да ауа райына байланысты жабылған. Әуе компаниясы Алматыға билет алған жолаушыларды да Астанаға дейін автобуспен жеткізуге шештік. Шымкенттен ұшып келген жолаушыларды да Астанадан Петропавлға автобуспен жеткіздік. Астана-Алматы рейсі 06:50-де ұшырылды», - деді Уәлихан Жылысбаев.