Петропавл әуежайының бағыттары биыл да субсидияланады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы халықаралық әуежай арқылы былтыр 1,3 мың әуе рейсі жасалды. Осы аралықта 76 мың адам ұшқан, бұл көрсеткіш оның алдындағы жылмен салыстырғанда үш есе артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжіновтың айтуынша, былтыр Петропавл әуежайының мүліктік кешені «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС кейін сатып алуға құқық беретін сенімгерлік басқаруға берілді.
«Қазір Қызылжар халықаралық әуежайы жұмыс істеп тұр, ұшуға жарамдылық сертификаты бар. 133 адам еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақысы - 98 мың теңге. Еңбекақы бойынша қарыз жоқ», - дейді Мирхат Әбілмәжінов.
Бүгінде Петропавл әуежайынан Астанаға және Алматыға ғана рейстер бар. Бұл бағыттарға бюджет есебінен жыл сайын субсидия бөлінеді. Былтыр тек Алматы қаласы бойынша 752 млн теңге бөлінді. Астана бағыты бойынша 702 млн теңге жұмсалды. Бұл қаражат толық игерілді.
«Былтыр желтоқсан айында Азаматтық авиация комитеті келер жылды субсидиялау бойынша конкурстық рәсім өткізді. Конкурстың нәтижесі бойынша Алматы бағытын «SCAT» компаниясы жеңіп алды. Астана қаласына «Qazaq Air» ұшақтары ұшатын болды. 474 млн теңге субсидия Астана бағыты бойынша, 520 млн теңге Алматы бағыты бойынша берілді», - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта халықаралық әуежайда бірқатар шектеу бар. Ол әуе отынын үстеп құюға байланысты. Қондырғыны жаңғыртудан өткізіп, сұйық отын құятын стансаны ретке келтіру қажет.
«Екінші шектеу ұшу уақытына байланысты. Әуежай тек жарық уақытта ғана ұшақтарды қабылдап, ұшыра алады. Өйткені сигнал жабдығы жоқ. Бүгінде әуежай тиісті шараларды қолға алып жатыр. Жеке инвестор бұл шектеулерді алып тастау үшін қаражат бөлуде. Маусым айына дейін тиісті жұмыстар атқарылады, кейін әуежай толық қуатында жұмыс істеуге көшеді. Тек осыдан кейін ғана қосымша авиарейстерді ашу үшін жеке компанияны тарту мәселесі қаралады. Түркістанға, Шымкентке және тағы бірнеше шетелге бағыт ашу жоспарда бар», - дейді Мирхат Әбілмәжінов.
Былтыр Петропавл әуежайынан 1295 рейс жасалса, соның 200-і чартерлік. 76 мың адам көліктің осы түрін таңдаған. Бұл, 2021 жылмен салыстырғанда үш есе, яғни 373 % артық.
Биыл Астана мен Петропавл арасында 10 ай бойы аптасына 7 рет, 2 ай аптасына 8 рет ұшақ ұшпақ. Ал Алматы мен Петропавл арасында 9 ай бойы аптасына 5 рет ұшса, жаздың үш айында аптасына 7 рет бағыт ашылады. Әзірге билет бағасында өзгеріс жоқ.