Петропавл емханаларындағы ұзын-сонар кезек мəселесі шешілетін болды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда отбасылық денсаулық орталығы ашылды. Үшінші қалалық емхананың филиалы болып есептелетін мекеме денсаулық сақтау орындарындағы ұзын-сонар кезек мәселесін шешпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отбасылық денсаулық орталығы Президент Н.Назарбаевтың халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ашылды. Мекеме бұрынғы СПИД орталығының ғимаратында орналасқан. Бұл жерде қала тұрғындарын жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатрлар қабылдайтын болады. Кейін олардың қатарына өзге сала дәрігерлері қосылмақ. Сондай-ақ, медициналық сараптамаларды да осы жерде жасатуға болады.
«Жаңа жылдан бастап дәріхана ашылады. Сондай-ақ, өзге сала мамандары мәселесін де шешеміз. Әзірше, оларға қаралу үшін үшінші емханаға баратын болады. Жалпы, мұндай орталықтар Петропавлдағы тағы екі емханада жаңа жылдан кейін ашылмақ», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев.
Отбасылық денсаулық орталығы ашылмай тұрып, үшінші қалалық емханаға 70 мың тұрғын тіркелген екен. Енді оның 12 мыңы осы орталыққа қаралатын болады.