Петропавл «Еңбек даңқы қаласы» атанады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл «Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағы бар еліміздегі төртінші қала болмақ.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, Петропавл қаласының тылда еткен еңбегі орасан. Соғыс басталысымен қалаға 20 зауыт эвакуацияланған.
— Петропавлға көшірілген зауыттардың бесеуі осы жерде алғаш рет соғысқа арналған қару-жарақты шығара бастады. Көпшілікке танымал, аты аңызға айналған «Катюша» қаруының сыртқы қаптамасы да осы жергілікті кәсіпорындарда жасалды, бұдан басқа торпеда снарядтары да шығарылған. № 641 аталған қазіргі Киров атындағы зауыт Петропавлға 1941 жылы көшірілген. Сол кезде онымен бірге 30 маман келді. Жұмысшыларының басым көпшілігі жергілікті тұрғындар болды. Міне, осы зауыттан шамамен 1200 адам құны сол кездегі «Ерлігі үшін» медалімен пара-пар «За трудовую доблесть» медалімен марапатталды, — дейді Сәуле Мәлікова.
Маманның айтуынша, соғыс жылдарында тылда жанқиярлықпен еңбек етіп, майданды әскери және тұрмыстық өніммен қамтамасыз еткен қалаларға «Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағы беріледі. Елімізде бұл атақты Астана, Алматы және Қарағанды қалалары биыл алды.
— Мұндай шешімді ТМД-ның Гуманитарлық ынтымақтастық кеңесі қабылдайды. Ол үшін ресми түрде өтініш беріп, талап бойынша қажетті құжаттарды жіберу керек. Біз оның бір бөлігін жібердік. Бұл атақты алғаннан кейін қалада жаңа мәртебе туралы ақпаратпен арнайы стелалар орнатылады, — дейді Сәуле Мәлікова.
Бұған дейін Петропавлда соғыс уақытындағы маңызды нысандардың онлайн картасы жасалып жатқанын жазған едік.