Петропавл-Ганновер әуе рейсі қайта жаңғыруы мүмкін

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Тило Йоханес Клиннермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл-Ганновер әуе рейсі қайта жаңғыруы мүмкін

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы сөз болды.

Облыста «CLAAS» компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауытты ашу туралы айтылды. Құмар Ақсақаловтың пікірінше, нәтижесінде жергілікті шаруалардың заманауи техникаға қолы жетімді болады, жұмыс өнімділігі артады.

«Неміс комбайндары бізде құрастырылса, оның бағасын 52 пайызға арзандата аламыз. Диқандар шығымдылық пен еңбек өнімділігін арттыра алады. Облыста «CLAAS» компаниясының 400 техникасы бар. Сәйкесінше, қосалқы бөлшектер қоймасы бар қызмет көрсету орталығы керек. Бізде ғимарат дайын, оған қажетті инфрақұрылым тартылған», - деді Құмар Ақсақалов.


Өңір басшысының айтуынша, Германияның тәжірибесіне сүйене отыра гербицид шығаратын зауытты да ашуға болады. Бірлескен кәсіпорындарға ғимараттар дайын. Сондай-ақ облыс әкімі Петропавл-Ганновер әуе қатынасын қайта жаңғыртуды ұсынды.

Неміс елшісі облыс әкімінің ұсыныстарын қолдап, Германия өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

«СҚО Ресейдің өңірлерімен шектеседі. Бұл жерде көлік логистикасы жақсы дамыған. Біз екі елдің арасындағы тауар айналымын үдете аламыз. Агросектор – бірлескен жобалар үшін тиімді сала. Солтүстікқазақстандық өнімді Германияға жеткізу бізге де тиімді болмақ», - деді Тило Йоханес Клиннер.