Петропавл гидроторабында су деңгейі көтерілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы су қоймаларында су деңгейі төмендегенімен, Петропавлға қарай Есіл өзенінің суы молая түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл гидроторабында су деңгейі көтерілді

«Қазгидромет» РМК СҚОФ мәліметінше, Есіл өзенінің Покровка, Новоникольское елді мекендерінің маңында және Петропавл гидроторабында Сергеев су қоймасынан келген судан деңгейі көтеріліп келеді. Бір тәуліктің ішінде Есіл өзені Покровка маңында 88 см артып, су алқапқа жайылды. Шекті деңгей 950 см болса, бүгінде одан асып, 1060 см жетті. Новоникольское маңында су 54 см көтерілді. Сергеев су қоймасындағы бөгеттің қырынан 162 см асып төгіліп жатыр, яғни 19 см түсті.

Петропавл су қоймасында су 37 см көтерілді. Мамандардың айтуынша, қауіпті деңгей 1050 см, бүгінгі көрсеткіш – 827 см. 940 см жеткенде Есіл өзені арнасынан шығып, алқапқа жайылады. Су деңгейі 960 см болғанда, су халықаралық маңыздағы «Челябі-Новосібір» тас жолынан өтеді.

СҚО-да 2017 жылы көктемгі су тасқыны қиын жағдайда өтті. Сол жылы Петропавл су қоймасының бөгетінен 338 см су асып төгілген екен. 2018 жылы асып төгілу деңгейі 168 см болса, былтырғы максималды көрсеткіш 132 см құраған.