Петропавл қалалық ІІБ 30 қызметкерінің бір мезетте жұмыстан шығуы олардың жедел қызметтерімен байланысты емес - ІІМ
АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының 30 жедел қызметкерінің бір мезетте жұмыстан шығуы олардың жедел қызметтерімен байланысты емес.
Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Министрлік өкілінің атап өтуіне қарағанда, өзіндік қауіпсіздік қызметкерлерінің жұмыстан шығуы олардың жедел қызметтерімен байланысты емес. Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері тарапынан жедел уәкілдердің біріне қылмысты жасыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс оқиғаның осылайша өрбуіне түрткі болған.
«Олардың барлығы да жас қызметкерлер. Лауазымынан босату туралы рапорт бергендердің екеуі өз еріктерімен жұмыстан кетті. Ал әріптестерінің сөзіне ергендіктерін, жедел бөлімшеде өз қызметтерін жалғастырғылары келетіндігін айтқан 10 қызметкер тәртіптік комиссия өткеннен кейін қызметтеріне қайта қабылданды. Қалғандары облыстық ішкі істер департаментінің жедел қызметпен байланысты емес басқа бөлімшелеріне орналасты», - деді ол.