Петропавл қаласы карантинге жабылады: түнге дейін тұрғындар қалаға кіріп-шыға алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 3 сәуір күні сағат 00.00-де Петропавл қаласы аумағына карантин режимі енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласы карантинге жабылады: түнге дейін тұрғындар қалаға кіріп-шыға алады

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

«Кешеден бері біздің облыста шектеу шаралары енгізілді. Аурудың таралу тенденциясы бұл шараларды белсендірек жүргізуге мәжбүрлеп отыр. 3 сәуір күні сағат 00.00-де Петропавл қаласы аумағына карантин режимін енгізу шешімі қабылданды», - деді облыс әкімі «QYZYLJAR» телеарнасының тікелей эфирінде.

Карантиннің басты мақсаты - вирустың таралу тізбегін үзу.

Көшелер мен жаяужолдарда, алаңдарда резифнекциялық жұмыс жүргізіледі. Үйлер мен ұйымдарда санитарлық тазалау күшейеді. Барлық қоғамдық орындар, саябақтар мен скверлер жабық.

«Петропавл қаласына кіріп-шығу 1 сәуірден бері шектелген. Тұрғындар әлі де қалаға кіріп-шыға алады. Бүгін түнде автокөлік қозғалысын толығымен тоқтатамыз. Қала маңы автобустары тоқтатылады. Қалалық қоғамдық көлік те толығымен тоқтайды», - деді әкім.

Айта кетейік, қазір облыста коронавирус жұқтырған 7 адам тіркелді.