Петропавл көшелері мұз айдынына айналды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Петропавлда жаңбыр жауып, ауа температурасының төмендеуі салдарынан қала көшелері мұз айдынына айналды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
СҚО ІІД баспасөз қызметі мәлім еткендей, облыс орталығында 6 апат тіркелген. Ешкім зардап шекпеген.
Петропавл әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, таңғы сағат 10.00-ден бастап қала көшелеріне құм себетін 6 және тротуарларға құм төсейтін 2 машина шыққан.
Көктайғаққа қарсы жұмысты 4 кәсіпорын жүргізіп жатыр. Қала аумағы маршруттарға бөлінген. Күніне 55 текше көктайғаққа қарсы материал жұмсалып жатыр.
Сондай-ақ, желі қолданушылары қаладағы жол апатының суреттерімен және мұз айдынына айналған тротуарлардың жағдайымен бөлісуде.