Петропавл көшесінде жалғыз жүрген 5 жасар бала табылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл көшесінде жалғыз жүрген 5 жасар бала табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны көшеде өзі жалғыз жүрген 5 жасар қызды көрген. Әйел бүлдіршінді үйіне әкеліп, бірден полицияға хабар берген.
Қыз өзінің, әке-шешесінің және інісінің есімдерін айтқан. Бірақ тегі мен мекенжайын есіне түсіре алмаған. Бүлдіршінді іздеген адам болмағандықтан полицейлер оны көлікке отырғызып, қала тұрғыны тауып алған ауданға әкелген. Сол жерде қыз өз үйін танып, қолындағы кілтпен кіре беріс есікті ашқан.
Кейін белгілі болғандай, отағасы түнгі кезекшіліктен кейін ұйықтап жатқан. Ал анасы қызын есік алдына ойнауға жіберіп, өзі терезеден анда-санда байқап отырған. Үйдегі нәрестеге көңіл бөліп жатқанда даладағы қызын көзден таса етіп алған. Полицейлер келгенде ерлі-зайыпты қыздарын іздеуге шығайын деп жатыр екен. Анасының айтуынша, қызы бұрын ауладан ұзап шықпаған.
«Бұл отбасы полицияның есебінде жоқ. Учаскелік инспектор ата-анамен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ал қала тұрғындарын ескерткіміз келеді: баланың аты бала, ойынға салынып, үйден алыстап кетуі мүмкін. Жалғыз жіберу – қауіпті. Сондай-ақ баланың қалтасына аты-жөні, мекенжайы және телефон нөмірі жазылған қағазды салып қойған жөн. Ал жалғыз жүрген баланы байқап қалып, оның өміріне бейжай қарамаған қала тұрғынына Петропавл қалалық полиция басқармасының басшылығы алғыс айтады», - деді Петропавл қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.