Петропавл мектебіндегі оқиға: білім ордасының әкімшілігі қалай әрекет етті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Петропавл мектебінде оқушыларға жасалған шабуыл кезінде мектеп әкімшілігінің қалай әрекет еткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл мектебіндегі оқиға: білім ордасының әкімшілігі қалай әрекет етті

«Мектеп әкімшілігі жедел әрекет етті. Олар жедел жәрдем шақырып, дабыл түймесі арқылы сигнал берді. 3 минут ішінде күзет агенттігінің кезекші тобы келді. Зардап шеккендерге мектеп дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті», - деді Марат Тасмағанбетов Оқу-ағарту министрлігінің шұғыл кеңесінде.

Әкімнің орынбасары зардап шеккен 3 адамның екеуі ауруханаға жатқызылғанын айтты. Қазіргі уақытта олар реанимациядан жалпы палатаға ауыстырылған. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық.

Еске салсақ, кеше Петропавлда 9 сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ ала келіп, 3 оқушыны жарақаттады. Кейін зардап шеккен екі балаға ота жасалды.

Бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов аталған мектепте лицензиясы бар күзет қызметі болмағанын мәлім етті.