Петропавл пандемияға байланысты 1,4 млрд теңге кірісінен айырылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл әкімінің есептік кездесуіне қатысқан Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пандемияның қала экономикасына әсері жайында айтты. Облыс орталығы былтыр 1,4 млрд теңге кірісінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл пандемияға байланысты 1,4 млрд теңге кірісінен айырылды

Карантиндік шектеулер енгізілгелі СҚО-да бірқатар шағын және орта бизнес субъектілері жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Салдарынан Петропавл 1,4 млрд теңге кірісінен айырылды. СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, кәсіпкерлер заман ағымына сай бейімделуі керек бұл мәселені олар өз пайдасына шешіп, әрі қарай дамуға берілген мүмкіндік деп қарауы қажет.

«Петропавл – өнеркәсіптік кәсіпорындар көптеп орналасқан қала. Алайда 90-шы жылдары олардың басым бөлігі банкрот деп танылды. Соңғы жылдары біз 107 мың шаршы метр бос ғимараттарды іске қостық. Тағы 92 мың шаршы метрінде – бірнеше жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Қазір облыс бойынша жалпы аумағы 100 мың шаршы метр бос тұрған нысандар бар. Олардың басым бөлігі Петропавлда орналасқан. Қала басшысы мен менің орынбасарларымның бірінші кезектегі міндеттері жаңа инвесторлар табу», - деді Құмар Ақсақалов.

Инвесторларға Петропавлда қолайлы жағдайлар қарастырылған. Өнімі экспортқа бағытталған кәсіпорындарды біріктіретін «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймақ та құрылған.

«ҚР Президентінің тапсырмасымен 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар бар. Нәтижесінде бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер жасалып жатыр. Облыстан қомақты қаражат бөлінеді. Петропавл бизнес жүргізуге қызықтыратындай болуы керек. Алайда мәселе бар. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жеке инвестициялар бойынша азын-аулақ қана – небәрі 2% өсім бар. Қала барлық алдыңғы қатарлы жобаларды жүзеге асыруы тиіс» - деді СҚО әкімі.

Бұған дейін Құмар Ақсақаловтың өңірде карантиндік шектеулерді жеңілдету мәселесін қарайтынын айтқан едік.