Петропавл полициясына мереке күндері 2 мыңға жуық қоңырау түсті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл полицейлері мереке күндері атқарылған қызметтері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Наурыз мейрамын мерекелеу күндері облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы қызметтер, соның ішінде полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Басты міндет – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, қоңырауларға жедел ден қою және төтенше жағдайларға жол бермеу болды.

Күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтауға Петропавл қаласында 160-тан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Оның 31-і – автопатруль, 8-і – «Модуль» стационарлық бекеттерінің кезекші ауысымдары, қалғаны – жаяу жасақтар.

Петропавл қалалық полиция басқармасы жедел басқарау орталығының бастығы Ерік Құлжановтың айтуынша, наурыздың 19-ы мен 23-і аралығында қалалық полицияның «102» арнасына 1842 телефон қоңырауы келіп түскен. Олардың 400-іне полиция шұғыл әрекет етті. 27 жағдай отбасылық жанжалдарға, 17-сі түнгі уақытта тыныштықты бұзуға қатысты болған. Бір тәулікте орта есеппен алғанда тәртіп сақшыларына 550 хабарлама келіп түскен.

Қоңыраулардың дені сағат кешкі 18.00-ден түн жарымға дейінгі аралықта түсіп отырған.

Полицияның жаяу және көлік жасақтарымен қатар жедел басқару орталығындағы бейнебақылау инспекторлары бөлек жоспар бойынша жұмыс істеді. Нәтижесінде көшелерде, көше қиылыстары мен алаңдарда орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 52 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның көбі – қоғамдық орындарда мас күйде жүру фактілері.

Жалпы, мереке күндері Петропавлда жағдай тұрақты болды, резонанстық қылмыстар тіркелмеген.


Соңғы жаңалықтар