Петропавл тұрғыны Facebook-те жала жапқаны үшін 20 тәулікке қамалды

фейсбук
Фото: Pexels

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Петропавл қаласының әкімшілік мамандандырылған соты көрінеу жалған ақпарат таратқан Петропавл тұрғынының ісін қарады.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, осы жылдың 4 қаңтарында К. есімді адам Facebook әлеуметтік желісін пайдалана отырып, өзінің жеке парақшасында ішкі істер органдарының қайтыс болған бұрынғы қызметкері, қылмыстық-атқару жүйесінің зейнеткері Б-ның абыройына нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратып, жазба қалдырады.

Тергеу барысында К-ның таратқан ақпараты негізсіз және дәлелсіз екені анықталды.

Б-ның атынан сотқа беруші К-ның жала жауып отырғанын дәлелдейтін дәлелдемелерді, атап айтқанда СҚО полиция департаменті қауіпсіздік қызметі басқармасынан, СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен Б-ға қатысты К-ның атынан арыз-шағымның болмауына байланысты ешқандай қызметтік тергеу жүргізілмегендігі туралы анықтамаларды ұсынды.

Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігінің санкциясымен 80 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу немесе 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу көзделген.

Сот қаулысымен К. 20 тәулікке қамаққа алынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар