Петропавл тұрғыны көшедегі шұңқырға көлігін зақымдап, шығынды сот арқылы өндірді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жүргізуші көшедегі шұңқырға зақымдаған көлігі үшін «Қызылжар су» ЖШС-нен 500 мың теңгеге жуық қаражат өндіріп алды.

Петропавл тұрғыны көшедегі шұңқырға көлігін зақымдап, шығынды сот арқылы өндірді
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Петропавл қаласының №2 сотының мәліметінше, оқиға былтыр мамыр айында Петропавлдағы Абай көшесінің бойында болған. Мұнда жөндеу жұмыстарынан кейін асфальтта шұңқыр пайда болып, тұрғынның көлігі зақымданған.

- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, «Қызылжар су» ЖШС басшысы жауапкершілікке тартылды. Сотқа арызданушы 500 мың теңгеге жуық материалдық залал келтірілгенін көрсетіп, жауапкерден шығынды өндіруді сұрады. Келтірілген материалдық шығын бағалау актісімен расталды, - делінген сот хабарламасында. 

Сотталушы жақ өз кінәсін мойындамай, Петропавл қаласы Абай көшесіндегі кәріз коллекторының жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме жүргізгенін алға тартты.

Алайда, сотта талапқа сай жұмыс істемегені және жол белгісінің жоқтығы үшін жауапкершілік мердігерге жүктелмей, керісінше осы үшін жауапкерге әкімшілік айыппұл салынғанын анықталды. 

Нәтижесінде сот «Қызылжар су» ЖШС-ні келтірген залал үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартты, себебі оқиға орнындағы жерасты коммуникациялары оның балансында. Петропавл қаласының №2 соты талапкердің өтінішін қанағаттандырып, «Қызылжар су» ЖШС-нен келтірілген залал сомасын өндіріп алды.

Бұған дейін СҚО-да тұтынушы өтінішін елемеген компания 6,2 млн теңге айыппұл төлегенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар