Петропавл тұрғыны өз қаражатына аулаға ерекше әткеншектер орнатты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл тұрғыны Александр Гусев көпқабатты тұрғын үйдің ауласына ерекше әткеншектер құрастырып орнатты. Қауіпсіздікті басты орынға қойған ер адам жақында балаларға тағы бір тарту жасап, ертегі кейіпкерлерінің мүсіндерін орнатпақ.

Әткеншектер
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Әткеншектің ерекшелігі – ол тоқпен айналып, 2 минуттан соң тоқтайды. Сондай-ақ үстіндегі колонкаға блютуз арқылы қосылып, балаға ертегі, не болмаса, ән қосып қоюға болады. 

«Қыс бойы жұмыс істеді. Қазір көрші аулалардан да балалар келеді. Қасымызда мектеп орналасқан, сондықтан алаң бос тұрмайды. Бала болғасын ойнайды, кейде бірнешеуі мініп, сындырып кетеді. Қайта істеп, іске қосамын. 

Қазіргі орнатылып жатқан әткеншектердің көпшілігі денсаулыққа қауіпті, өйткені, қолданысқа берілген кезде белгілі бір талап бойынша тексерілмейді, яғни ГОСТ жоқ. Сол себепті ауламдағы балаларға қауіпсіз, әрі ерекше әткеншектер жасап бергім келді. Ресейде көргенім бар еді, мысалы, мына 3D «аватар» деп аталатын әткеншектің отырғыштарын көрші елдің зауытынан тапсырыспен алғыздым. Сол сияқты, үстіндегі буыны жоба бойынша автомобиль карданынан жасалған. Ол тығыз қозғалады, мен оны өзімше жетілдірдім. 

Ұқсас әткеншектерде бір жағындағы бала секіріп түссе, екіншісі жерге құлайды. Ал бұл жерде ондай қауіп жоқ, жоғары-төмен ғана емес, жан-жаққа қозғалады», - дейді Александр Гусев. 

Әткеншектер
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Балалардың ойын алаңы жоба бойынша 20/20 метр жерді алуы тиіс. Былтыр көпқабатты үйдің кезегі жетіп, қалалық әкімдіктің бағдарламасымен алаң жөнделуі керек еді. Бірақ, қала тұрғынының айтуынша, әкімдік өкілі келіп, қарап, «сіздерде алаң салуға қолайлы орын жоқ» деген сыңаймен кетіп қалған. Кейін қанша рет хабарласса да, жауап болмапты. 

Әткеншектер
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Александр Гусев кезінде Петропавлдағы қорғаныс зауыттарының бірінде еңбек еткен. 1980 жылдардың соңында тұрмыстық техника, соның ішінде «Романтик» магнитофондарын шығарған. Қазір өзі тұрып жатқан көпқабатты үйде қоғамдық негізде пәтер иелері кооперативін басқарады. 

Әткеншектер
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

«Қорғаныс зауытында жұмыс істедім, кейін кәсіпорын құлдырағаннан кейін энергетика саласына кеттім. Маған техникамен жұмыс істеудің түк қиындығы жоқ. Мен үшін осындай дүние жасау – демалыс, сүйікті іс десем де болады. Негізгі жұмысымнан қолым босаған кезде айналысамын. Зейнеткермін, бірақ шағын компанияны басқарамын. Біз жылу пункттерін, насос стансаларын жобалаймыз, саламыз, жөндейміз», - дейді Александр Гусев. 

Әткеншектер
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Қазір Алексей аулаға орнатуға шағын мүсіндерді жасап жатыр. Берік, әрі, зиянсыз болуы үшін қауіпсіз материалдарды қолданады. Осылайша жаңа жылға дейін ертегі кейіпкерлерін орнатып, балаларға тарту жасамақ. 

Шебер көпқабатты үйге қойылатын жылу есептегіш құрылғысын да жетілдірген. Қазір әр тұрғын ұялы телефоны арқылы тіпті бір сағат ішінде қанша энергияны тұтынғанын көре алады. 

Әткеншектер
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

«Барлық архив осында сақталған. Қанша пайдаланды, анық көрініп тұр. Яғни, тұтынушылар коммуналдық ақыны аз төлейді. Пәтерлерде жайлы температура сақталып, терезе ашып, даланы жылытпаймыз. Мұны қаладағы басқа үйлерге де қоюға болады, тегін істеп беруге дайынмын. Бірақ, өкінішке орай ешкімге керек емес. Қазіргі жылу есептегіш құралдарының қалай есептейтіні көпшілікке беймәлім. Мысалы көрші үйге энергетикалық компанияның бақылаушысы келіп, осы айда сіздер жылу үшін әр шаршы метрге осынша төлейсіңдер деп айтады екен. Ал ол цифрдың қайдан келгенін ешкім білмейді. Бізде бәрі автоматтандырылған», - дейді Алексей Гусев. 

Бұған дейін жұмыстан бос уақытында кесте тігіп, темірден түрлі бұйым жасайтын ауыл әкімі туралы жазған едік.