Петропавл тұрғыны алаяқтарға 10 млн теңгесін беріп қойды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны алаяқтарға жем болып, 10 млн теңгесінен айырылды. Қылмыскерлердің сөйлеу мәнері мен олардың «банктегі алаяқтық қылмыс туралы» әңгімесі әйелдің бар күдігін сейілтіп, құрыққа түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 наурыз күні Петропавл тұрғынына телефон арқылы біреу хабарласып, өзін банк менеджерімін деп таныстырған. Ол әйелдің атына ірі несиенің ресімделгені туралы хабарлап, операцияны растау қажеттігін айтқан. Әйел келіспегендіктен, телефон шалушы оған қазір қауіпсіздік қызметінен хабарласатынын айтқан.

Екінші қоңырау WhatsApp-тан түскен. Жәбірленушіге есепшотына қатысты қолсұғушылықты болдырмау үшін ірі сомада несие алып, ол ақшаны қосалқы шотқа жіберу қажеттігін ескерткен. Әйелдің айтуынша, ол интернет-алаяқтық туралы білген, бірақ онымен ресми тілде сөйлескен адам сеніміне кірген. Бұдан бөлек, әңгіме барысында ол бұл фактіге банк қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екендігін айтқан.

«Алаяқ банк қауіпсіздігі қызметі тергеу жүргізіп жатыр деп айтқан, сондықтан банкке барғанда, «қылмыскерлерді үркітіп алмау үшін» ешкімге ештеңе айтпау қажеттігін ескерткен. Қала тұрғыны банкке барып, 4,5 миллион теңгеге несие ресімдеген және өзінің жинаған қаражатын қосып, қылмыскерлер айтқан шотқа аударған. Бұдан кейін алаяқ әйелді екінші банкке барып өз атынан тағы бір несие ресімдеуге көндірген. Ол ақшаны да «арнайы есепшотқа» салдырған», - дейді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Тек бірнеше күннен кейін ғана Петропавл тұрғыны алаяқтарға алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.

«Аталған дерек Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жалпы шығын - 10 млн теңгеге жуық. Адамдарды қандай жағдай болмасын, банктен шалынатын қоңырауларға сенбеуге шақырамыз. Егер қаражатыңыздың сақтығына қатысты күмән болса, банкке барып, сол жерде анықтаңыздар», - дейді Марат Жұмалиев.

СҚО-да 3 айдың ішінде 214 интернет-алаяқтық тіркелді, оның 40-ында алаяқтар өздерін «банк қызметкерімін» деп таныстырған.


Соңғы жаңалықтар