Петропавл тұрғыны мүгедектер мен қарттарға арнап, велокат жасап шығарды
Велокат деп аталатын өнер табысының велосипедтен ерекшелігі – оның шынжыры мен тепкіші жоқ. Отырған адам оны аяғымен жерге итеріліп қозғайды. Велокат үш доңғалақтан тұрады, артында шағын баспалдағы бар. Адам самокат секілді тұрып та, отырып та тебе алады.
«Көшеде төрт доңғалақты машинада отырған баланы көрдім. Бала оны аяғымен итеріліп жүргізді. Мұны көргеннен кейін неге ересектерге осыған ұқсас құрылым жасап шықпасқа деген ой келді. Осылайша велокат пайда болды», - дейді қала тұрғыны Валентин Бондарев.
Валентин Бондарев ең алғашқы велокатты 2018 жылы жасайды. Сызбасын сызып, қажетті материалдарды жинап, құрастыруға жарты жылға жуық уақытын жұмсаған.
«Велокат денсаулығы нашар зейнет жасындағы адамдарға, омыртқасы зақымданып, өздігінен жүре алмайтындарға, аяқтары ауыратындарға, сондай-ақ жүрек аурулары бар жандарға арналған. Артық салмағы бар адамдар да қолдана алады. Тренажер ретінде де қолдануға болады. Жол таңдамайды. Үйде де, далада да пайдалану мүмкіндігі бар. Бұл велосипедтер секілді тек алға ғана емес, артқа да жүреді», - дейді қала тұрғыны.
Өнертапқыштың жасы бүгінде сексенде. Валентин Бондарев 30 жылдан артық жергілікті жоғары оқу орнында, көлік және машинажасау кафедрасында еңбек етті. Техника ғылымдарының кандидаты. Өнер табыстары үшін бұған дейін 5 патент алған.
«Темір дәнекерлейтін оттық үшін екі патент және велосипедті жетілдіріп, оған үш патент алдым. Велокатқа патент алу үшін бір жыл жүрдім. Велокатты, менің есебім бойынша, жасап шығуға 18 мың теңге керек. Бұл көп ақша емес, зейнеткерлерге қолжетімді болар еді. Петропавл ауыр машина жасау зауыты кезінде велосипед шығарды. Осы кәсіпорын қолға алса, өндірісті жолға қойса деген тілегім бар», - дейді өнертапқыш.