Петропавл тұрғынынан жарты келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғынынан жалпы салмағы жарты келіге жуық «тұз» деген атаумен белгілі синтетикалық есірткі тәркіленді. Жігіт рұқсат етілмеген затты жеке үйдің ауласында сақтап келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күзде солтүстікқазақстандық полицейлер синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғынын ұстады.
Жеке тінту барысында одан кристалл тәрізді зат салынған «зиплок» пакет тәркіленді.
Жалдамалы пәтерден тағы екі пакет пен темекі шегуге арналған құрылғы табылып, алынды.
Полицейлер ұсталғанның тұрғылықты жерін тексеріп, жеке меншік үйдің ауласынан аса ірі мөлшердегі есірткі салынған полимер пакет алды.
Сараптама қорытындысына сәйкес ол «тұз» деген атпен белгілі α-PvP есірткі заты болып табылады.
Алынған заттың жалпы салмағы - 484,32 грамм, бұл аса ірі мөлшерге жатады. Одан 2 мыңнан астам бір реттік қолданатын дозаны жасауға болады екен.
«Бұл факті ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта іс материалдары сотқа тапсырылды. Жыл басынан бері өңір полицейлері есірткі сатты деген күдікпен 82 адамды ұстады. Заңсыз айналымнан 425 кг есірткі алынды, оның ішінде 3 кг 429 гр синтетикалық есірткі», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Фото: polisia.kz