Петропавл жастары орманнан 1 тоннадан астам қоқыс шығарды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Таза орман» акциясы өтіп, оған колледждердің 100-ден астам студенті қатысты. Жастар жарты күннің ішінде Мещан орманынан 1 тоннадан астам қоқыс шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл  жастары орманнан 1 тоннадан астам қоқыс шығарды

«Таза орман» акциясы – дәстүрлі. Ұйымдастырушылар – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және жастар мәслихаты. Биыл іс-шараны өткізуге Петропавлдағы Мещан орманы таңдалып алынды. Қаланың шетінде орналасқан орман тұрғындардың көп баратын сүйікті демалыс орындарының бірі. Алайда демалушылардың ішінде өздерінің артынан қоқысты жинап кетпейтіндері де бар.

Акцияға Петропавлдағы колледждердің 129 студенті қатысты. Олар 7 командаға бөлініп, қоқыс жинаудан жарысқа түсті. Қолдарына қап алған олар іске кірісіп, жарты күннің ішінде орманнан 1 тонна 273 кг қоқыс шығарды.


«Орманшылар күні-түні орманда жүріп, өзіне бекітілген барлық аумақты назарда ұстай алмайды. Өйткені 1 орманшының қарамағында 3-3,5 мың га орманды алқап бар. Орман өрті де, ондағы қоқыс та негізінен адам қолымен жасалады. Демалушылар табиғат аясына шығып, өздерінен кейін арттарынан жинамай кетеді. Яғни демалу мәдениеті қалыптаспаған. Сондай-ақ ауыл тұрғындары қоқыстарын артып шығып, полигонға жетпей жолда орманға аударып кететіндері бар», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Қайролла Байтеңізов.