Петропавл ЖЭО-2 жұмысшысының қазасына байланысты еңбек инспекциясы тергеу жүргізбейді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы 2-Жылу-электр орталығында жұмысшының қазасына қатысты ҚР еңбек заңнамасына сәйкес тергеу жүргізілмейді. Еңбек инспекторлары қызылордалық жігіт Арман Исаевтың жалдамалы жұмысшы болғандығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл ЖЭО-2 жұмысшысының қазасына байланысты еңбек инспекциясы тергеу жүргізбейді

СҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, 5 қараша күні «СевКазЭнерго» АҚ-ға қарасты Петропавлдағы 2-Жылу-электр орталығының қазандық цехының бас корпусын жаңарту барысында 2000 жылы туған А.Исаев ауыр жарақат алып, ол ауруханада көз жұмды.

Бұл жерде құрылыс жұмыстарымен «СтройЦентрАрсенал» ЖШС мердігер ұйым ретінде айналысқан. Ал ол компания өз кезегінде арматурамен жұмыс істеу үшін қаза тапқан жеке тұлға А.Исаевпен шарт жасасқан.

Сол күні сағат 12.00 шамасында шатырға электр құралдары түсірілген. Ал Исаев жанында тұрған. Бір сәт металл конструкциялар сырғып кетіп, жұмысшыны басып қалған.

«СтройЦентрАрсенал» ЖШС директоры болған оқиға жайында Еңбек инспекциясына хабарлады.

«ҚР Еңбек кодексінің 186-бабына сәйкес, жұмыскерлердің еңбек қызметіне байланысты денсаулығының зақымдануы және еңбекке жарамсыздыққа не қайтыс болуына әкеп соққан жағдайлар тергеледі. Қаза тапқан А.Исаев пен «СтройЦентрАрсенал» ЖШС арасында азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың жасалуына байланысты бұл адамдардың арасындағы қатынас еңбек қатынасы болып саналмайды. Сондықтан ҚР Еңбек заңнамасымен емес, Азаматтық кодекспен реттеледі. Бұл жазатайым оқиға ҚР Еңбек кодексінде көзделген арнайы тергеуге жатпайды», - дейді Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысы, мемлекеттік еңбек инспекторы Азат Көшербаев.

Қаза тапқан азамат Петропавлға Қызылорда облысынан табыс табу үшін келген. «СтройЦентрАрсенал» ЖШС оның отбасына материалдық көмек көрсетеді.

Бұған дейін осы оқиғаға қатысты «СевКазЭнерго» АҚ түсінік берген еді.


Фото:media.informpskov.ru