Петропавл «Жер сағаты» дүниежүзілік экологиялық акциясына қатысады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – «Жер сағаты» экологиялық акциясына биыл да Петропавлдағы кей кәсіпорын-мекемелер қатысуды жоспарлап отыр.

Петропавл «Жер сағаты» дүниежүзілік экологиялық акциясына қатысады
Фото: Алматы әкімдігі

Елімізде дүниежүзілік акция 22 наурыз күні сағат 20:30-дан 21:30-ға дейінгі аралықта өтеді.

Биыл «Жер сағаты» экологиялық іс-шарасы «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылады. 

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, акцияға орай облыс орталығында бірнеше көшеде жарық бір сағатқа сөндіріледі. Олар: Мүсірепов көшесінде Жамбыл көшесінен бастап ЖЭО-2-ге дейін, Я.Гашек көшесінде Жамбыл көшесінен бастап ЖЭО-2-ге дейін, Әуезов көшесінде Индустриальный өтпесінен «Малодел» ЖШС зауытына дейін. 

Сондай-ақ Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы жаяу жүргіншілер көшесінде де бір сағат аралығында электр жарығы болмайды. Бірақ мұнда кезекпен әр 10 минутқа сөндірілмек.

«Жер сағаты» акциясын Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры ұйымдастырған, экология мен тұрақтылық мәселелеріне назар аударуға бағытталған жаһандық іс-шара.

Акция азаматтарды планетамыздың болашағына қамқорлық белгісі ретінде бір сағатқа электр жарығы мен тұрмыстық электр құрылғыларынан бас тартуға шақырады. Осы күні миллиондаған адам 1 сағатқа жарық пен электр қондырғыларын сөндіреді. Сәулет ескерткіштері жарықтан ажыратылады.

Естеріңізге салайық, Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға үш атом электр стансасын салу керектігін айтқан еді