Петропавл жылу-электр орталығы көмір қоры жеткіліксіз деген ақпаратты жоққа шығарды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы 2-Жылу-электр орталығы қысқы жылыту маусымына тас-түйін дайын. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлап, бұған дейін станцияның көмір қоры жеткіліксіз деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздегі үш өңірдің жылу-электр орталықтарында көмір қорының жеткіліксіздігі айтылды. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Нұржан Келбұғанов соның ішінде Петропавл 2-Жылу-электр орталығының да бар екеніне тоқталды.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні Петропавлдағы 2-Жылу-электр орталығында 85 893 тонна көмір бар. Бұл 17 тәулікке жетерлік қор. Ал азаймайтын қор жылыту маусымы басталысымен жиналады.
«Петропавл 2-Жылу-электр орталығының қоймасында күз-қыс мерзімінде норма бойынша 120 362 тонна көмір жатуы керек. Бұл – 20 тәулікке жететін қор. Жылда жылыту маусымы аяқталысымен отын қорын жаңарту үшін және қалдық өздігінен тұтанбауы үшін бульдозермен басылады. Бұл жұмыс тек тамыз айында аяқталады. Ал қыркүйек айында жаңа жылыту маусымына көмір жеткізіледі», - дейді баспасөз хатшысы Лилия Шерина.
Қыркүйекте 227,5 мың тонна көмір жеткізілмек. Ал айдың ортасында көмірді жеткізу кестесіне сай станция азаймайтын қорды қалыптастырады.
2-Жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Негізгі қондырғыларды жөнге келтіру 70% орындалды, жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр.