Петропавлда 10 күнге ыстық су беру тоқтатылмақ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда келесі жылыту маусымына дайындық барысында 10 күнге ыстық су беру тоқтатылады.

Ыстық су
Фото: "Севказэнерго" АҚ баспасөз қызметі

«Севказэнерго» АҚ мәліметінше, облыс орталығын ыстық сумен қамту 10 маусым күні тоқтатылып, тек 20 маусым ғана беріле бастамақ. 

Бұл аралықта «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізеді. 

Сынақтың мақсаты - келесі жылыту маусымына дайындалу, құбырлардағы және жылу желілері мен жабдықтардағы ақауларды анықтау.

Сынақ кезеңінде барлық магистральдық желілердегі қысым жұмыс кезіндегі қысымнан 25% жоғары болады. Сонымен қатар желідегі судың температурасы +40 градустан аспайды. 

Сынақтар аяқталғаннан кейін үйлерге ыстық су кезең-кезеңімен қосылады. Ал ақаулар анықталған жағдайда магистральдық желілердің учаскелері жөнделеді, ал осы учаскелердегі тұрғын үйлерде ыстық су болмайды.

Компания өкілдерінің айтуынша, «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС-де жұмысты жедел аяқтау үшін қажетті құбыр, қалпына келтіру материалдары жеткілікті, қосымша қызметкерлер жұмылдырылған.

Бұған дейін жер сілкінісін ескертетін жүйе сынақтан өтіп, алматылықтар президенттік хабарлама алғанын айтқан едік