Петропавлда 150 балуан-полицей өзара мықтыны анықтауда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында қазақ күресінен республикалық спартакиада өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ІІМ-нің республикалық спартакиадасына Полиция департаменттерінің 18 құрама командаларынан, «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы орталық кеңесінің 8 командасынан 150 палуан қатысып жатыр. Сайыс 6 салмақ дәрежесі бойынша - 66 келіден 100 келіге дейін және 100 келіден астам салмақ бойынша өткізіліп жатыр.

Турнирдің ашылу салтанаты Александр Винокуров Спорт сарайында өтті. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, бұл турнир Қазақстан полициясының 30 жылдығына орайластырылған.

«Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі полицейлердің, жекелей алғанда, осы жарысқа қатысушылардың күшімен қамтамасыз етіледі. Бұл қиындығы мен жауапкершілігі мол, ауқымды жұмыс. «Динамо» ДШСҚ бастамасымен ұйымдастырылған жарыстың қазақ күресінен өтіп жатқандығы қуантады. Қазақ күресі – ұлттық спорт түрі», - деді Серік Жарасбаев.

Іс-шараға өңірлердегі «Динамо» ДШСҚ төрағаларының орынбасарлары, ардагерлер шақырылды және барлық келемін деушілер жарысты тамашалай алады. Спорттық мерекенің ашылу салтанатының құрметті қонағы ретінде Бейжіңде өткен 2022 жылғы Паралимпиада ойынының қола жүлдегері Александр Герлиц және кәсіби боксшы, спорт ардагері Жанат Жақиянов қатысты.

Ақтық ойындар бүгінге жоспарланған. Чемпиондар «Динамо Барысы» белбеулерімен, кубоктар және грамоталармен марапатталады.



Соңғы жаңалықтар