Петропавлда 150 спортшы қатысқан «Qyzyljar-2019» велошеруі өтті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Александр Винокуровтың сыйлығына арналған ашық республикалық көпкүндік веложарысы аясында «Qyzyljar-2019» спорттық акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Qyzyljar-2019» велошеруіне 150-ден астам спортшы қатысты. Олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласының 20 командасы, Алматы қаласының, Қазақстанның басқа өңірлері мен Ресей Федерациясының велошабандоздары бар.
Оларға спорт ардагерлері мен жастар, Қазақстан спортының саңлақтары: велошабандоздар Бақтияр Қожатаев пен Александр Надобенко, былғары қолғап шебері Жанат Жақиянов қосылды.
Дәстүрлі велошеру Петропавлда екінші мәрте ұйымдастырылды. Бұл жолы велошеруге қатысушылар К.Сүтішев, Ж.Жабаев, Я.Гашек және Нұр-Сұлтан көшелерін басып, 7,5 шақырымды жүріп өтті.
СҚО-да республикалық көпкүндік веложарыстың өткізілуі бекерден емес. Қызылжар өңірінен әлемге танымал велоспортшылар: Александр Винокуров, Алексей Луценко, Артем Захаровтар шыққан. Жерлестері Жандос Бижігітовты, Бақтияр Қожатаевты және олардың ізін басып келе жатқан Наталья Сайфутдинованы, Махаббат Үмітжанованы, Алина Сарқұлованы мақтан тұтады.
«Qyzyljar-2019» велошеруін өткізудегі мақсат - спортты насихаттау. Саламатты өмір салтын ұстануға шақыру. Велошеру екінші жыл қатарынан Александр Винокуровтың сыйлығына арналған ашық республикалық көпкүндік веложарысы аясында ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын оған қатысушылардың саны артып келеді», - дейді СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин.
«Qyzyljar-2019» велошеруінің соңында барлық қатысушыларға осы күннен естелік ретінде медальдар табысталды.