Петропавлда 16 жастағы жасөспірім анасын алдап, оның атына несие ресімдеген

Петропавлда 16 жастағы жасөспірімнің алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін. Ол туған анасын алдап, оның атына қомақты сомадағы несие ресімдеген, деп хабарлайды Kazinform.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалы директорының бұрынғы орынбасары сотталды
Фото: uralskweek.kz

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жылдың басында Петропавл тұрғынына өзі алмаған ірі сомадағы несиені төлеу туралы хабарламалар келе бастаған. Әйел дереу полиция басқармасына жүгінген. Несиені оның атына кім алуы мүмкін екені туралы еш болжамы болмаған.

Жедел уәкілдер сұрау барысында оның есіне 16 жастағы ұлының өткен жылдың желтоқсан айында сайттардың біріне тіркелуді өтінгені есіне түсті. Баласы ол сайттан емтихан сұрақтарына арналған жауаптарды аламын деп айтқан. Жасөспірім екі адам тіркелген жағдайда жеңілдік болады деп түсіндірген. Тіркелу кезінде әйелдің фото және бейневерификациядан өтуі қажет болған. Алданғанын түсінбеген әйел «басты солға, оңға бұру» деген сияқты талаптарды орындаған.

«Осы процедурадан кейін жәбірленушінің атына 1 млн 180 мың теңге мөлшерінде несие ресімделгені анықталды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта тергеу аяқталуға жақын, тергеушілер іс материалдарын сотқа жіберуге дайындап жатыр», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Полицейлердің айтуынша, қаржы ұйымдары қашықтықтан несие алу рәсімдерін қиындатқаннан бері алаяқтар басқа адамдардың биометриялық мәліметтерін пайдалану үшін түрлі әдістерді қолдана бастады. Сондықтан суретке немесе видеоға түсу туралы өтініштерге сақтықпен қараған жөн. Жеке мәліметтерді ешкімге бермеу қажет.

СҚО-да 11 айдың ішінде интернет-алаяқтықтың 716 дерегі тіркелді. Оның 91-і бөгде адамдардың атына несие ресімдеумен байланысты.