Петропавлда 17 жыл бұрын кісі өлтіріп, Ресейге қашқан қылмыскер ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің қызметкерлері 17 жыл бұрын іздеу жарияланған адамды қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Петропавлда 17 жыл бұрын кісі өлтіріп, Ресейге қашқан қылмыскер ұсталды

«СҚО ІІД қызметкерлері Санкт-Петербург қаласына іссапармен барып, Петропавлда 2001 жылы қылмыс жасаған адамды ұстады. Осы уақыт аралығында күдікті ресейлік биліктің көзіне түспей жүрген. ҚР мен РФ құқық қорғаушыларының бірлескен жұмысының арқасында ол тұтқындалды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ұсталған адамды Қазақстан Республикасына экстрадациялау жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол ҚР ҚК-нің 99-бабы бойынша сот алдында жауап береді. Кінәсі дәлелденген жағдайда 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, жыл басынан бері 69 адамға іздеу жарияланып, оның 59-ы ұсталған. Оның 23-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар болып отыр.